Accessibility links

ЕО елдерінің өкілдері жасанды интеллект туралы заң жобасын бір ауыздан мақұлдады


Еуроодақ елдері ұзақ келіссөзден кейін жұма күні жасанды интеллект туралы заң жобасын мақұлдады, деп жазды Politico басылымы. Жоба жасанды интеллектінің кейбір технологияларына тыйым салуды қарастырады, "қатерлі" технологияларды қатаң шектейді және ең озық модельдерін әзірлеуде ашықтық сақтап, сынақтарын қатаң түрде жүргізу туралы талап қояды.

Осылайша Еуроодақ жасанды интеллект технологияларын міндетті түрде енгізуді мақұлдаған алғашқы халықаралық бірлестік атанды.

Politico-ның жазуынша, желтоқсанда ЕО саясаткерлері жасанды интеллект туралы заң жобасының мәтіні бойынша келісімге келгенін жариялаған. Сол кезде бұл OpenAI-дың ChatGPT мен Google-дың Bard сияқты құралдары жылдам таралып жатқан әлемде жаңашыл қадам ретінде қабылданған.

Алайда кейінгі апталарда 2 ақпанда өтетін дауыс беру кезінде Германия, Франция және Австрияның жобаға қарсы дауыс беретіні белгілі болды. Вена деректерді қорғау туралы ережені сынады, Париж бен Берлин жобадағы ережелер озық еуропалық әзірлеушілердің (мысалы, француздың Mistral, немістің Aleph Alpha жобалары) ұстанымына нұқсан келтіретінін ескертті. Ал Италия үнсіз қалды. Осының барлығы сенімсіздік туғызған, деп жазды басылым.

Ақыры мәселе Еуроодаққа таныс пиар-қадамдар мен дипломатиялық маневрлар арқылы шешілген. Еурокомиссия қысымды үдетіп, нәтижесінде ЕО-ның жасанды интеллект басқармасына өкілет берілген. Дәл осы органға жасанды интеллект туралы заңның орындалуын қадағалау тапсырылды.

Заңды енді Еуропарламент ресми түрде мақұлдауға тиіс. Оның мәтіні екі аптадан кейін комитеттер деңгейінде бекітіледі, ал дауыс беру рәсімі сәуірде өтеді.

Құпиялылықты алға тартып жүрген жобаға қарсы заң шығарушылар құжаттың әрі қарай жылжуына әлі де кедергі жасай алады. Алайда заңмен жұмыс істеген адамдардың көпшілігі жасанды интеллект туралы заң өзгеріссіз қабылданатынына сенімді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG