Accessibility links

АҚШ Сирия мен Ирактағы ираншыл топтарға соққы жасады


Жұма күні кешке АҚШ Сирия мен Ирактағы Ислам сақшылар корпусымен байланысты қарулы топтардың нысандарына жаппай соққы жасады.

Өткен жексенбіде АҚШ-тың Иорданиядағы әскери базасына дрондар шабуылдап, Американың үш жауынгері опат болған, 40-тан астам әскери қызметкер қаза болған. АҚШ-тың түсіндіруінше, бұл соған жауап.

Соққы ираншыл топтардың штабы, командалық пунктері, барлау орталықтары, қару-жарақ қоймасы, бункерлерге жасалған. Америка өкілдерінің сөзінше, әуе соққысы – аймақтағы АҚШ әскері және Қызыл теңіздегі сауда кемелеріне ираншыл топтардың кез келген шабуылы жауапсыз қалмайтындығы жөнінде Иранға ескерту.

Пентагонның мәліметінше, ираншыл топтардың Сирия мен Ирактағы 85 нысанына соққы жасалған. Оларға 125-тен астам ракета және басқармалы бомба жіберілген. Шабуылға АҚШ-та шоғырланған стратегиялық жойғыш ұшақтар қатысқан.

АҚШ президенті Джо Байденнің мәлімдемесінде үш америкалық жауынгердің қазасынан кейін мемлекет басшысының соққы жасауды тапсырғаны айтылған. "Біз бүгін жауап бере бастадық және оның жалғасы бар" деді Байден. Байденнің сөзінше, әрі қарайғы әрекет жағдайға қарай қабылданады. Америка өкілдері әуе соққылары алдағы күндері, апта және тіпті айларда жалғасуы мүмкін деп топшылайды.

АҚШ Иранға Сирия мен Ирактағы Америка әскеріне ираншыл топтар шабуылдаса, жауап беретінін айтқан. Алайда ескертуден нәтиже шықпаған. Сарапшылар сол себепті ендігі операциялар ауқымды болатынын айтып отыр. Дегенмен АҚШ президент әкімшілігі өкілдері АҚШ Иран аумағына соққы жасамайтынын айтты. Ақ үй Иранмен тікелей тірескісі келмейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG