Accessibility links

Белсенді Мұрат Нұрланов Алматыдағы Абай ескерткішінің түбінде "саяси тұтқындарға" бостандық талап етті


Алматы тұрғыны Мұрат Нұрланов Абай ескерткішінің алдында пикетке шығып тұр. 9 қаңтар, 2024 жыл
Алматы тұрғыны Мұрат Нұрланов Абай ескерткішінің алдында пикетке шығып тұр. 9 қаңтар, 2024 жыл

9 қаңтарда Алматыда белсенді Мұрат Нұрланов "саяси тұтқындарға" бостандық талап етіп, қала әкімдігінің рұқсатымен Абай ескерткішінің түбіне пикетке шықты. Ол "билік марафоншы Марат Жыланбаевты, журналист Думан Мұхамедкәрімді, белсенді Әйгерім Тілеужанды жазықсыз түрмеге жапты, Қазақстанда саяси қудалау жалғасып жатыр" деп санайды.

Бұған дейін Мұррат Нұрланов Қаңтар оқиғасы кезінде, 2022 жылы 6 қаңтарда Алматыдағы Республика алаңында бейбіт шерушілерге қалай оқ атылғанын Азаттық тілшісіне айтып берген.

– Өткен жолы Әйгерім Тілеужан, Қалас Нұрпейісовтердің ашық сотына барғандарды 15 тәулікке қамады. Заңды өздері белшесінен бұзып отыр. Қашанғы үнсіз отырамыз? Мұрат Жыланбаев, Думан Мұхамедкәрім сияқты белсенділерді шындық айтқаны үшін қамады. Біздің саяси жүйе белсенділермен күресіп жатыр, - деді Нұрланов.

Нұрланов үстіне плакат жамылып тұрды. Плакатта "Сот жүйесіне күрделі реформа жасалсын!", "Ұрланған халық қаражаты елге қайтарылсын", "Қаңтар қырғыны бойынша тәуелсіз тергеу жүргізілсін!" дейтін ұрандар жазылған.

– Халықтың жағдайы төмендеп кетті. Билік ертерек есін жимаса, қайтадан қырғынға әкелейін деп тұр. Өйткені диалог жоқ. Әкімдікке бірнеше рет хат жазып, осы пикеттің өзіне зорға рұқсат алдым,– деді белсенді.

Жуырда "Егемен Қазақстан" басылымында жарияланған сұқбатында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "бізде саяси тұтқын жоқ" деп мәлімдеген.

Құқық қорғаушылар Қазақстанда азаматтар саяси көзқарасы үшін қудаланып жатқанын жиі айтады. Олардың есебінше, елде қазір кемі 26 "саяси тұтқын" бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG