Accessibility links

Қаңтарда оққа ұшқан Айкөркемнің ісі: Судья айыпталушы әскериді ақтады


Айкөркем Мелдехан
Айкөркем Мелдехан

15 қарашада Алматы гарнизоны әскери соты Қаңтарда оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің өліміне байланысты сотта айыпталушы әскери Арман Жұманды ақтады.

Бұған дейін прокурор айыпталушыны 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Айыпталушы Арман Жұман "Билікті асыра пайдалану" (451-бап, 2-бөлігі 1-тармағы) бабы бойынша айыпталған. Ол өзіне тағылған айыппен келіспейді. Бұған дейін қорғау жағы айыпталушы Арман Жұманды толық ақтауды сұраған.

Үкімнен соң Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдехан "сөзім жоқ, адам өлтіргендерді ақтады, жауапкершілікке тартылған жоқ" деп қысқа қайырды.

Ал жәбірленуші тараптың адвокаты Жан Күнсеркин "Өкінішке қарай, сот Арман Жұманды ақтады. Не үшін ақтағанын әлі білмейміз. Жақын уақытта үкімді аламын. Сот неге сүйеніп, парадокст шешім шығарғанын да білмейміз. Біз апелляциялық шағым түсіреміз" деді.

Адвокаттың айтуынша, сот Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдеханды "Қауіпті жағдайда қалдыру" бабымен жауапқа тарту туралы бөлек қаулы шығарған. Бұған айыпталушының адвокатының шағымы себеп болған.

Осыған дейін жәбірленуші жақ сот процесінің өту барысына наразылық білдірген еді. Олар біріншіден, бұл істе бір емес, бірнеше айыпталушы болуы тиіс деп санайды. Екіншіден, оларға "Билік өкілетін асыра пайдалану" емес, "Адам өлтіру" бабы бойынша айып тағылуы тиіс деген.

Шілдеде басталған сот "мемлекеттік құпия" мәліметтер бардеп жабық өтті. Бұған жәбірленуші жақ қарсы болған.

Былтыр Қаңтар оқиғасы кезінде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елге "20 мың террорист келді" деп қарулы күштер мен әскерилерге ескертусіз оқ атуға бұйрық берген. Қаңтар кезінде Айдос Мелдеханның балалары отырған көлікке оқ жауған. Оқиға кезінде оның 16 жастағы қызы жараланып, 4 жасар Айкөркем қаза болды. 8 жасар ұлы психологиялық шок алған.

Айкөркемнің қазасына байланысты іс 2022 жылы желтоқсанда "Адам өлтіру" бабымен қозғалып, кейін "Билік өкілетін асыра пайдалану" бабына ауыстырылғаны белгілі болған. Ал биыл қаңтарда Айдос Мелдехан іс "қылмыс құрамы болмағандықтан жабылғанын" хабарлаған еді. Бірақ Айкөркемнің әкесінің шағымынан соң бұл іс қайта жалғасқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG